«Кассалық түсімнің 50 пайызын алып қояды»: Бейсенбаев кинотеатрлардың жұмысын сынға алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол осы салада тексеріс жүргізуді ұсынды

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT», партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев кино саласындағы кемшіліктерді атап, ірі кинотеатр желілері прокаттың алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын бірден алатынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағаны белгілі. Сонымен қатар, жас ұрпақты дұрыс мәдени тұрғыда тәрбиелеу қажеттігі мәселесі түрлі деңгейде тұрақты түрде көтеріліп келеді. Бұл ретте кино саласының рөлі айрықша, оған балама жоқ деуге болады. Аталған міндеттердің іске асуына саладағы қазіргі ахуал айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. «AMANAT» партиясының атына кинематография өкілдерінен кинотеатрлар тарапынан кассалық түсімдерге қатысты әділетсіз талаптар жөнінде көп  өтініш  түсіп жатыр», - деді Бейсенбаев Мәжілістегі депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, ірі кинотеатр желілері өздерінің үстем жағдайын пайдалана отырып, прокаттың алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын бірден алып қояды.

«Бұл пайдадан емес, тікелей жалпы түсімнен ұсталады. Яғни, фильм табыс әкеле ме, әкелмей ме оған қарамастан, кинотеатрлар өз үлесін алдын ала алады. Режиссерлер мен продюсерлер қысымнан қауіптеніп, бұл мәселеге ашық үн қата алмай отыр. Себебі олар жасанды түрде қалыптастырылған, кино залдары иелерінің монополиялық жүйесіне тәуелді. Бұдан бөлек, фильм авторлары жарнама мен ілгерілету үшін қосымша төлемдер жасауға мәжбүр. Біздің мәліметтерімізге сәйкес, тіпті «көлеңкелі жарналар» да бар», - дейді Бейсенбаев.

Ол атағандай, мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерден де дәл осындай үлестің алынуы қоғамның наразылығын тудырып отыр.

«Мәселен, мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген «QAITADAN» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан, алайда оның 550 миллион теңгесі кинотеатрларға кеткен. Ал фильм өндірісіне мемлекет бар болғаны 190 миллион теңге бөлген. Яғни, жекеменшік кинотеатр желілері мемлекет салған инвестициядан бірнеше есе көп қаржыны, ол бюджетке қайтарылмай тұрып-ақ алып отыр. Бұл біздің ойымызша, мүлде жол беруге болмайтын жағдай», - дейді депутат.

Бейсенбаев атағандай, мұнда әділ бәсеке жоқ.

«Экран мен көрермен орнын ғана ұсынатын кинотеатрлар фильмнің тікелей авторларынан әлдеқайда көп пайда тауып отыр. Нәтижесінде, фильм өзін-өзі ақтауы үшін бюджеттен үш есе көп касса жинауға мәжбүр. Мұндай ахуал қазақстандық киноиндустрияны тұншықтырып отыр. Соның салдарынан елімізде негізінен тек коммерциялық комедиялар түсіріліп, тарихи, мәдени, әлеуметтік маңызы бар салмақты туындылардың азаюына әкеліп отыр. Себебі ол бағыттарға қаржы жетпейді оны монополист кинотеатр желілері алып қояды. Қазіргі таңда қазақстандық кинонарықты санаулы ғана «таңдаулы» топ бақылап отыр. Олар прокат шарттарын, экран санын, прайм-таймды, тіпті қай фильмнің көрерменге жететінін өздері шешеді. Бұл әділ бәсеке емес, ашық монополиялық саясат», - дейді ол.

Депутат Kinopark пен Kinoplexx елдегі барлық кинозалдың шамамен 40 пайызын бақыласа, Chaplin және Cinemax желілері ірі мегаполистерде үстемдікке ие дейді.

«Мұндай жағдай әлдеқашан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, сондай-ақ өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың назарын аударуы тиіс еді.«AMANAT» партиясының фракциясы кинотеатрлар фильм өндірісіне кеткен шығын толық қайтарылмайынша, кассалық түсімнен үлес алуға тиіс емес деп есептейді. Пайданы бөлу тек жоба өзін-өзі ақтағаннан кейін ғана әділ деп саналады.Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мысалы, АҚШ-та «жылжымалы шкала» қолданылады. Онда прокаттың алғашқы апталарында студиялар кассалық түсімнің 70–90 пайызына дейін алады.Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, кинотеатрлар, прокатшылар және киностудиялар арасындағы келісімшарттарды тексеруді, сондай-ақ кинотеатр желілерінің өздерінің үстем жағдайын пайдалана отырып, кассалық түсімнің 50 пайызын негізсіз алу фактілері бойынша кешенді тексеру жүргізуді сұраймыз», - деп түйіндеді ол.