Атышулы блогер Қайсар Хамзаға ресми түрде халықаралық іздеу жарияланды

Автор: Асыл Арман

Ол құмар ойындарды жарнамалағаны үшін істі болды

Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі/Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған, Қамза Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілініп отыр.

Күдікті 5 жыл бойы «Instagram» әлеуметтік желісінде, «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ «Telegram»-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.

Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.

«Осылайша, Қамза Қ.Б. азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.

Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Егер Сізге іздеуде жүрген тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарлауыңызды сұраймыз:

+7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.