Шымкентте жас қызды өлтірді деген күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол қаладан 10 шақырым жердегі даладан табылған

Фото: видеодан скриншот

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылды. Қаланың кіреберіс және шығаберіс бағыттарында бақылау күшейтіліп, аумақты жан-жақты тексеру жүргізілді. Күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды.

Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен көз жұмды.