Facebook пен Instagram қазақстандық нарықтағы контент пен тәуекелдерді қатаң сүзгіден өткізбек
Meta компаниясы Қазақстандағы ақпараттық кеңістікті жіті бақылау үшін арнайы маман іздеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Әлеуметтік желілердің иесі саналатын Meta «Market Specialist – Kazakhstan» атты жаңа позицияға конкурс жариялаған. Вакансия ресми түрде Ирландияның Дублин қаласында тіркелгенімен, маманның бар назары Қазақстан мен Орталық Азиядағы ахуалға аударылады.
Жаңа қызметкер Meta-ның Еуропадағы қауіпсіздік және контентті модерациялау тобына қосылады. Оның негізгі міндеті – платформалардағы даулы әрі қауіпті контентті сүзгіден өткізу, қолданушылардың шағымдарын қарау, дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету және әлеуетті қауіп-қатерді алдын ала анықтау.
Яғни маман қорлайтын сөздер, арандатушы жазбалар, зорлық-зомбылықты насихаттайтын бейнелер мен тыйым салынған материалдарды бақылап, нақты аккаунттарға қатысты шешім қабылдайды. Бұл – әлеуметтік желідегі «көрінбейтін майдан».
Meta үшін бұл қызметтің тағы бір маңызды бағыты – Қазақстандағы жарнама нарығын қорғау. Сарапшы жарнама берушілерге төнетін тәуекелдерді саралап, алаяқтықтың алдын алуға, жарнаманың қауіпсіз әрі әділ орналастырылуына атсалысады.
Компания талаптарына сай үміткер қазақ және орыс тілдерін жетік білуі, елдің саяси, әлеуметтік, мәдени жағдайынан хабардар болуы тиіс. Аналитикалық ойлау қабілеті, есеп дайындау тәжірибесі, Excel, SQL және деректерді визуализациялау құралдарын меңгеруі артықшылық саналады. Сонымен қатар, Meta-ның түрлі бөлімдерімен және серіктес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, өңірлік тәуекелдер бойынша сараптамалық база қалыптастыру міндеттеледі.
Айта кетейік, 2025 жылдың күзінде Еурокомиссия Meta-ны Еуропаның цифрлық қызметтер туралы заңын бұзды деп айыптаған еді. Нақтырақ айтқанда, заңсыз контентке шағымдану тетіктерінің күрделілігі сынға ұшыраған. Компания бұл ескертулерден кейін өз жүйелері мен ішкі рәсімдерін жаңартқанын мәлімдеген болатын.