Қарағанды облысында 50 жолаушысы бар автобус жолдан шығып, кюветке түсіп кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Боран мен көктайғақ салдарынан жүргізуші көлікті игере алмай қалған

Фото: pixabay.com

Қарағанды облысында жолаушылар автобусы жолдан шығып, кюветке түсіп кетті. Оқиға 12 қаңтар күні Шахтинск қаласынан шыға берісте болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы салдарынан жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.

«Боран мен көктайғақ кезінде жүргізуші басқаруды жоғалтып, автобус жол жиегіне шығып кеткен. Салонда шамамен 50 жолаушы болған. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Тәртіп сақшылары аймақта әлі де қолайсыз ауа райы сақталып отырғанын ескертті. Олар жүргізушілерге жылдамдықты асырмауға, арақашықтықты сақтауға, кенеттен манёвр жасамауға және мүмкіндігінше алыс жолға шықпауды ұсынды. Құзырлы органдар жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.