Дональд Трамп АҚШ әскерін Иранға жіберу мүмкіндігін қарастырмайды

Автор: Аягөз Құрмаш

Вашингтонда Иранға соққы беру кері салдар беруі мүмкін деген алаңдаушылық бар

Фото: AP/ Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы наразылықтарды қолдау мақсатында америкалық әскери күштерді бұл елге жіберу мүмкіндігін қарастырып отырған жоқ. Бұл нұсқа қазіргі таңда талқыланып жатқан сценарийлердің қатарында жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақ үйде Тегеранға қатысты ықпал етудің бірқатар күштік емес шаралары талқыланып жатқанымен, Вашингтонда Иранға соққы беру кері нәтиже беруі мүмкін деген алаңдаушылық бар. АҚШ билігінің пікірінше, мұндай әрекеттер иран халқын ел басшылығының төңірегіне топтастыруы не әскери қимылдарға түрткі болуы ықтимал.

Ақ үй өкілінің айтуынша, ықтимал шаралар қатарында Иранның әскери құрылымдарына немесе режим нысандарына қарсы кибероперациялар жүргізу мүмкіндігі бар. Мұндай әрекеттер биліктің наразылықтарды басу әрекеттерін әлсіретуі ықтимал.

Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі режим өкілдеріне қарсы жаңа санкциялар енгізу, сондай-ақ Иран экономикасының энергетика және банк секторларына шектеулер қою нұсқаларын да қарастырып жатыр.

Бұдан бөлек, Вашингтон Иранда интернет байланысын жақсарту үшін Starlink секілді технологияларды ұсыну мүмкіндігін де талқылаған. Бұл қадам наразылық білдірушілерге ақпараттық бұғаттауды айналып өтуге көмектесуі мүмкін.

CNN дереккөздерінің мәліметінше, Дональд Трамп Иранға араласу мәселесі бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылдамаған. Дегенмен, Ирандағы қаза тапқандар санының артуына байланысты, АҚШ президенті нақты шаралар қабылдау мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр.