Иранда қанды наразылықтан кейін үш күндік аза тұту жарияланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Билік қаза тапқандарды еске алу үшін ұлттық марш өткізбек

Фото: pixabay.com

Иранда үкіметке қарсы жаппай наразылық кезінде жүздеген адамның қаза табуына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, елдегі шерулер барысында кемінде 500-ден астам адам көз жұмған. Олардың 490-ы – бейбіт наразылыққа шыққан азаматтар, ал 48-і – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Human Rights Activists News Agency (HRANA) дерегіне сәйкес, Иранда шамамен 10 мың адам қамауға алынған. Алайда ресми Тегеран әзірге адам шығынына қатысты нақты ақпарат таратқан жоқ.

Иран президенті Масуд Пезешкиан аза тұту шараларына жеке өзі қатысатынын мәлімдеп, ел тұрғындарын 12 қаңтар күні өтетін ұлттық маршқа шақырды. Мемлекет басшысы бұл шара қаза болғандардың рухына тағзым ету үшін ұйымдастырылатынын атап өтті.

Наразылық толқыны елдің барлық провинциясын қамтып, 186 қала мен елді мекенге тараған. Соңғы күндері қақтығыстар ушығып, зорлық-зомбылық күшейгені хабарлануда. Осыған байланысты билік ұлттық қарсылық барысында қаза тапқандарды еске алу мақсатында үш күндік аза тұту жариялауға шешім қабылдаған.

Сонымен қатар Ирандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты халықаралық деңгейде де алаңдаушылық күшейді. Ақпарат көздеріне сүйенсек, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ирандағы наразылықтарға жауап ретінде Вашингтон қандай қадамдарға баруы мүмкін екенін талқылаған.