Ол 70 жаста
Атырау қаласында Hyundai Creta маркалы көлігін тізгіндеген 70 жастағы қария мейрамхана ғимаратына соғылды. Оқиға кезінде жүргізушінің мас болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Оқиға күндізгі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, жоғары жылдамдықпен келе жатқан жол талғамайтын көлік бағытынан тайып, мейрамхананың алдыңғы бетіне барып соғылған.
Соққының қатты болғаны сонша, мейрамхана ғимаратының қабырғасы мен қаптамасы айтарлықтай зақымдалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апаттан ешкім жарақат алмаған. Абырой болғанда, сол сәтте ғимарат маңында адамдар болмаған.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жүргізушіні бірден ұстап, медициналық куәландыруға жіберді.
«Тексеріс нәтижесінде 70 жастағы жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені расталды. Қазіргі уақытта ер адам полиция бөліміне жеткізілді», — деп хабарлады ведомство.
Полиция қызметкерлері апаттың мән-жайын толық анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мас күйінде көлік басқарып, нысанға зақым келтіргені үшін зейнеткерге қатысты әкімшілік іс қозғалады.
Жүргізушінің әрекетіне нақты құқықтық бағаны сот береді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол көлік жүргізу куәлігінен айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.