Сотталған шенеунікті аудан мәслихаты марапаттады
Пара алғаны үшін сотталған бұрынғы әкім Нұрлан Сыдықов Абай облысы Бесқарағай ауданының «Құрметті азаматы» атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл шешім 2025 жылдың соңында өткен аудандық мәслихат сессиясында қабылданған. Депутаттар дауыс беру арқылы үздіктерді анықтаған. Сол тізімнен кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылған экс-әкімнің де аты шықты.
Сыдықов 2013–2015 жылдары Бесқарағай ауданын басқарған. Кейін Жарма ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Алайда 2018 жылы кәсіпкерден 1 миллион теңге пара талап еткені үшін ұсталып, сотталған.
«Ультракүлгін шаммен тексеру кезінде Сыдықовтың қолынан арнайы люминесцент ұнтақтың ізі анықталды, ал ақша купюраларын ультракүлгінмен қарағанда люминесцент ұнтақ жарқырап, "ПАРА" деген жазу байқалды»,– делінген үкімде.
Нәтижесінде сот оны 30 миллион теңге айыппұл төлеуге және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салуға үкім еткен.
Соған қарамастан, мәслихат сайтында жарияланған құжатта экс-әкімнің ауданға сіңірген еңбегі тізілген. Ал оның сыбайлас жемқорлық қылмысы жөнінде ештеңе айтылмаған.
Жергілікті билік өкілдері Сыдықовтың соттылығы осы уақытқа дейін өтелгенін атап өтті. Осыған байланысты оның кандидатурасын қарауға және құрметті атақ беруге құқықтық кедергі болмаған.
«2025 жылғы 18 желтоқсанда өткен аудандық мәслихат сессиясында депутаттар Бесқарағай ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімді бірауыздан қабылдады», – деп мәлімдеді мәслихатта.
2025 жылғы 18 желтоқсанда өткен аудандық мәслихат сессиясында депутаттар Сыдықовқа құрметті атақ беруді бірауыздан қолдаған.