Немересін көруге асыққан әженің соңғы сапары: тас жол төрт адамның өмірін жалмады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Петропавл – Астана тас жолындағы апатта Toyota мен Shacman соқтығысты

Фото: pixabay.com

Петропавл – Астана бағытындағы тас жолда төрт адамның өмірін қиған ауыр жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Қайғылы апат 8 қаңтар күні Петропавл – Астана тас жолында орын алды. Полиция мәліметінше, Toyota Camry жеңіл көлігі мен Shacman маркалы жүк көлігі соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан Toyota көлігіндегі төрт адам – жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Toyota Camry және Shacman көліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы қаза тапты. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады полиция.

Белгілі болғандай, Toyota көлігін 25 жастағы жас жігіт басқарған. Ол Астанаға бет алған. Мерт болған жолаушылардың жасы - 63 жастағы әйел, 14 және 17 жастағы екі жасөспірім. Марқұм әйел екі немересінің туғанын естіп, оларды көру үшін жолға шыққан.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, апат болған жол бөлігінде қар мен мұз болмаған. Алдын ала болжам бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан екі көлік те жолдан шығып, бір-біріне соқтығысқан. 

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.