Алматыдағы ірі қоймадағы алапат өрті ауыздықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өрттің көрші ғимараттарға таралуына жол берілмеді

Фото: ҚР ТЖМ

Алматы қаласында Солтүстік айналма тас жолы бойында орналасқан қоймада шыққан өрт оқшауланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде жалынның жақын маңдағы өзге ғимараттарға таралуына тосқауыл қойылды.

«Өртті сөндіру қызметінің шұғыл қимылының нәтижесінде өрттің ауқымын кеңейтуге жол берілген жоқ», – деп хабарлады ведомство.

Алапат өрт түні бойы сөндірілді. Таң ата тілсіз жау толықтай жойылғаны туралы хабар түсті. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Еске салайық, қоймадағы өрт кезінде құтқарушылар күшейтілген шақырту деңгейі бойынша жұмыс істеді. Тілсіз жауды ауыздықтауға 85 жеке құрам қызметкері, 22 арнайы техника, сондай-ақ ТЖМ-нің өрт сөндіру көліктері жұмылдырылған.

Өртті сөндіру жұмыстары ғимараттың күрделі құрылымы мен жанғыш материалдардың көптігіне байланысты қиынға соққан. Соған қарамастан, оқиға орнында үш жедел жауынгерлік учаске құрылып, өртті оқшаулау дер кезінде жүзеге асырылды.