Дәрі-дәрмек бағасын тексеретін арнайы топ құрылады
Бұл препарат бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін жасалып отыр
Арнайы топ дәріханадағы дәрі бағасын тексеретін болады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын 30 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп отырмыз. Қалғаны сырттан импорт есебінен әкелінеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданады. Атап айтқанда, бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінім қаралуда. Дәрі-дәрмекті сертификаттау және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері қолданылды», - деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, әкімдіктермен бірлесіп, көтерме сауда қоймаларындағы дәрі-дәрмек қоры, бағасы тексеріліп, препарат бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін дәріханаларды аралап тексеретін арнайы мониторинг топтары жұмыс істейді.