Көп аймақта тұман түседі
5 қаңтар күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» Астана, Алматы қалаларында және елдің 15 облысында дауылды ескерту жариялады. Көп аймақта тұман, қар, боран, көктайғақ болып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшеймек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада мезгіл-мезгіл әлсіз қар жауып, төменгі боран соғады. Жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді, бұл жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
Алматыда түнде және таңертең қалың тұман күтіледі. Көріну қашықтығының төмендеуі әуежай мен жол қозғалысына әсер етуі ықтимал.
Алматы облысында, әсіресе оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман түсіп, батыс пен шығыста жел күшейеді. Қонаевта да түнгі уақытта тұман болады.
Түркістан облысында солтүстік, батыс, оңтүстік және таулы аймақтарда тұман күтіледі. Таулы жерлерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында да мезгіл-мезгіл тұман байқалады.
Жамбыл облысында түнде таулы аудандарда қар, төменгі боран және көктайғақ күтіледі. Таразда тұман түсуі мүмкін.
Жетісу облысында шығыс, солтүстік, орталық және таулы аймақтарда көктайғақ пен тұман, желдің күшеюі болжанып отыр. Талдықорғанда да тұман болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз қар, боран, көктайғақ сақталады. Кей жерлерде тұман түсіп, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Өскеменде де қарлы боран күтіледі.
Абай облысында кей аудандарда желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Семейде түнгі және таңғы уақытта қар, боран, көктайғақ болады.
Павлодар облысында түнде қар мен төменгі боран, ал Павлодар қаласында түнгі уақытта боран күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында қар мен боран, батысында тұман байқалады. Петропавлдакүндіз боран соғады.
Қостанай облысында қар, боран, көктайғақ және тұман күтіледі. Қостанай қаласындатаңертең және күндіз ауа райы қолайсыз болады.
Атырау облысында тұман мен көктайғақ, желдің күшеюі болжанады. Атырау қаласында да тұман болады.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, боран, көктайғақ күтіледі. Оралда тұман мен көктайғақ болуы мүмкін.
Ақтөбе облысында түнде қар мен көктайғақ, күндіз жауын-шашын мен боран күтіледі. Ақтөбеде ауа райы құбылмалы болады.
Ақмола облысында қар, төменгі боран, тұман және желдің күшеюі болжанып отыр. Көкшетауда жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Қызылорда облысында шығыс және орталық бөлігінде тұман мен көктайғақ, Қызылордада да осындай жағдай байқалады.
Маңғыстау облысында тұман түсіп, батысында жел күшейеді.
Мамандар жүргізушілерге алыс жолға шықпауды, ал жаяу жүргіншілерге көктайғақ кезінде аса сақ болуды ескертеді. Қолайсыз ауа райында 112 нөміріне хабарласу қажет.