Жобаға 9,3 млрд теңге бөлінді
Павлодар әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтерден құралған арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Ресми ақпаратқа сәйкес, әуежайды реконструкциялауға 9,3 млрд теңге бағытталған. Қаржы Үкімет шешімімен арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.
Жоба мемлекет басшысының тапсырмалары мен Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып отыр.
Реконструкция аясында әуежайдың негізгі инфрақұрылым нысандары жаңғыртылады. Атап айтқанда:
• ұшу-қону жолағын қайта салу және кеңейту;
• рулеж жолдары мен перрон жабынын жаңарту;
• энергиямен жабдықтау жүйесін модернизациялау;
• жаңа жарық-сигналдық жабдық орнату;
• бейнебақылау жүйесін енгізу.
Жаңғырту нәтижесінде Павлодар әуежайы заманауи әуе кемелерін ұшу салмағына шектеусіз қабылдай алатын болады.
Жобаның басты мақсаты – әуежай параметрлерін халықаралық ICAO талаптарына сәйкестендіру. Бұл өңірдің транзиттік мүмкіндігін арттырып, көлік қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ жолаушылар ағыны мен іскерлік белсенділіктің өсуіне серпін береді.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау және құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Павлодар әуежайының қызметі уақытша тоқтатылған. Бұған дейін әуе айлағы Астана мен Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсеткен.