Олар қыстаудан ауылға жаяу шыққан
Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдайлар қызметі жолдан адасып кеткен екі адамды аман-есен тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, 1987 және 1990 жылы туған азаматтар таңертең Сасықбұлақ қыстауынан Ақсу-Аюлы ауылына қарай жаяу жолға шыққан, алайда бағытынан жаңылып, елді мекенге жете алмаған.
Ауа райы мен жер бедерінің күрделілігі олардың бағдарлауына кедергі келтірген.
Хабар түсе салысымен, іздестіру жұмыстарына құтқарушылар жедел түрде жұмылдырылды. Операция барысында арнайы техника; ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон); биллингілік деректер пайдаланылды.
Құтқару операциясы нәтижесінде екі адам аман-есен табылып, медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Қазір олардың жағдайы қалыпты.
ТЖМ тұрғындарды қыс мезгілінде алыс жолға шыққанда бағытты нақтылап, байланыс құралдарын өзімен бірге алып жүруге шақырады.