Онда 58 дәрі-дәрмек түрі өндірілмек
Қазақстанда фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 103 млрд теңгеден асатын биофармацевтикалық өндірістік кешен Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында салынбақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба мемлекет басшысының отандық фармацевтикалық өндіріс үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Khan Tengri Biopharma» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалған. Ол заманауи технологиялармен жабдықталған биофармацевтикалық кешен салуды көздейді.
Жаңа кешенде 58 түрлі дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр. Ерекшелігі – өндіріс толық циклмен іске асады. Яғни, дайын өніммен қатар белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді (API) өндіру де жолға қойылады.
Өндірістік портфельге 27 халықаралық патенттелмеген атаудағы препарат енеді. Олардың қатарында онкологиялық, аутоиммунды, сирек кездесетін, қабыну сипатындағы ауруларды емдеуге арналған дәрілер бар.
Жоба аясында 180-нен астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Жалпы инвестиция көлемі 103 млрд теңгеден асады.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама отандық фармацевтикалық өндірісті кеңейтуге, импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға, ел ішінде тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өндірілген дәрі-дәрмектің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД елдері мен Таяу Шығыс нарықтарына экспортталады. Бұл Қазақстанның фармацевтика саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Сарапшылар жобаның іске асуы елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар препараттарға қолжетімділікті арттыратынын атап өтуде.