«Жылдар бойы дайындалдым»: Жұлдыз Әбдікәрімова отбасындағы қуанышты жаңалықты бөлісті

Автор: Алмас Ерсін

Жұлдыз Әбдікәрімова анасына Астанадан пәтер сыйлады

Фото: Instagram/zhuldyzabdukarimovaofficial

Қазақстандық актриса әрі блогер Жұлдыз Әбдікәрімова анасына Астанадан пәтер сыйлағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Instagram желісінде ол бұл күн жылдар бойы дайындалғанын жазды.

«Кейінгі 5 жылда анашым мен үшін, балаларымның қамы үшін екі қаланың ортасында шапқылап жүр. Алматыға барып, әкемнің жағдайын жасап, тоңазытқышын тамаққа, бауырсақ пен самсаға толтырады да, Астанаға асығады. Себебі мұнда менің балаларым толық анашымның қамқорлығында, мейірімінде өсіп келеді. Алаңсыз іссапарда жүріп, жұмыс істеп, шығармашылығымды шыңдауым осы кісінің қолдауының арқасында», - дейді актриса.

Ол әкесі өмір бойы мемлекеттік қызметте істеп, ғылыммен айналысып келе жатқанын атап өтті.

«Ойы тұнық кезінде бар білгенін шәкірттеріне үйретіп қалуды ең маңызды миссия санайды. Мен әкеммен толық келісемін. Ұстаздық етуден маңызды ештеңе жоқ. Демалысқа шығамын десе, Астанаға көшуге ұсыныс айтарым анық. Соңғы жылдары өзім жалдамалы пәтерді көп ауыстырдым. Шыны керек шаршадым. Оңай емес. Менде үй күтушісі, балаларыма көмекші, көлік жүргізуші деген жоқ. Балаларды өзім тасимын. Анашым үйден шығарып салып, күтіп алып, қажет кезде еркелетіп, дер кезінде тәк деп отырады», - деп толықтырды Жұлдыз Әбдікәрімова.

Актриса екі жыл бұрын жүрегінде арман пайда болып, мақсат қойғанын атап өтті.

«Анашыма Астанамнан, өз үйіме жақын жерден пәтер сыйлауды армандадым. Осы арманның арқасында талмай тірлік қылдым. Шүкір», - деп түйіндеді ол.