Боран мен көріну деңгейінің төмендеуі жол қозғалысына қауіп төндіріп тұр
Қазақстанда ауа райының күрт нашарлауына байланысты маңызды жол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін шектеу енгізілді. 28 желтоқсан күні таңертең басталған боран мен көріну деңгейінің төмендеуі жол қозғалысына қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 28 желтоқсан сағат 11:40-тағы ақпарат бойынша, республикалық маңызы бар тасжолдың келесі бөліктерінде қозғалысқа тыйым салынды:
Атырау облысы: «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолының Доссор кентінен Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі бөлігі (3-210 шақырым).
Маңғыстау облысы: Дәл осы трассаның Атырау облысының шекарасынан Бейнеу ауылына дейінгі учаскесі (210-332 шақырым).
Жол қызметтерінің мәліметінше, аталған бағыттардағы қозғалысты қайта бастау шамамен бүгін сағат 18:00-ге жоспарланып отыр.
Ескерту: Жолдың ашылу уақыты ауа райының нақты жағдайына қарай өзгеруі мүмкін. Жүргізушілерге алыс сапарға шықпау және баламалы жолдарды қарастыру ұсынылады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда құтқару қызметінің 112 нөміріне немесе «ҚазАвтоЖол» байланыс орталығына хабарласу қажет.