Медеу ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды
Алматы тауларында жоғалып кеткен үш адамның барлығы көз жұмғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін құтқарушылар екі адамның денесін тапты, бұған дейін бір адамның көз жұмғаны хабарланған болатын.
«Теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан құтқарушылар екі адамның мәйітін тапты. Бұған дейін осы топқа тиесілі бір адамның қаза тапқаны анықталған болатын», - деп жазылған хабарламада.
Қолайсыз ауа райына байланысты қаза болғандардың денелері «Медео» құтқару бекетіне дейін жаяу жеткізілді. Мәйіттер полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылды. Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, құтқару қызметі, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды.
Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын, металл іздегіштерді, іздеу зондтарын және шанц құралдарын қолданды.
Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарға шыққан кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертті.
«Тауға шығар алдында ауа райы мен көшкін жағдайын ескеріп, жақын адамдарға маршрут пен қайту уақыты туралы алдын ала хабардар ету қажет. Тауға жалғыз шықпаңыз, өзіңізбен бірге байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды алып жүріңіз», - дейді құтқарушылар.
Егер адам белгіленген уақытта оралмаса немесе байланысқа шықпай қалса, 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне дереу хабарласу қажет.