Астанада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арнап ескерткіш тақта орнатылды
Марқұм фельдшер 18 қараша күні ауруханада қайтыс болды
Астанада жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету барысында үстіне кондиционер құлап, аурухана төсегінде көз жұмған марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арнап ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.
«Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады. Оқу бітіргелі 4 жыл көлемінде өмірінің соңына дейін Астана қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай алатын білікті маманға айналды. Ұлдана Қалдарханқызының туған-туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына, жедел жәрдем қызметкерлері ұжымына Қазақстандағы медицина саласында жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан аса қызметкердің атынан, өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын», – деді министр.
Сонымен қатар министр Ұлдархан Мызуанның есімі отандық медицина тарихында жазылатынын атап өтті.
Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызына құрмет көрсетіліп жатқаны үшін Денсаулық сақтау министрі мен медицина саласының қызметкерлеріне алғысын айтты.
Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды.
Ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін жедел медициналық жәрдем станциясы мекемесінде жайылған дастархан басында Астана қаласындағы Шейх Кунта қажы мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ марқұмның рухына арнап Құран бағыштады.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіби қызметін атқару барысында ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.