Олар небәрі жарты жылдай ғана таныс болған
Алматы қаласының тұрғыны әйел адам мен оның 6 жасар қызының өліміне қатысты қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Almaty TV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Сот мәліметтері бойынша, ер адам мен әйел жарты жылдай уақыт таныс болған. Ол кезекті тұрмыстық жанжалдан кейін әйел мен қызын темір казанмен ұрған. Әйел адам ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды. Алған соққысынан ашық бас ми жарақатын алды, бас сүйегінің сынып, миына қан құйылды.
Қылмыскердің шабуылынан әйелдің анасы да зардап шекті. Бірнеше операциядан кейін ол аман қалды. 6 жасар қыз бала анасының өліміне және әжесіне жасалған шабуылға куә болды. Ол тығылып үлгергенімен, қылмыскер оны тауып, аяусыз соққыға жықты. Бүлдіршін бірнеше күннен кейін есін жимастан қайтыс болды.
Қылмыстық іс барысында күдікті өзінің кінәсін жоққа шығарған, алайда темір казаннан оның саусақ ізі табылған.
Ер адам осыған дейін де адам өлтіргені үшін сотталған, 8 жылға түрмеге қамалғаннан кейін шартты түрде босап шыққан.
Сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.