Мемлекет басшысы өз сөзінде Астананы абаттандыру ісіндегі оң өзгерістерге тоқталып өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үйлесімді қала кеңістігін қалыптастыруға айрықша мән беру қажет. Азаматтардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмысына барынша қолайлы жағдай жасау барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті болуға тиіс. Ал елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бөлек.
Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды. Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған.
Мысалы, төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек», – дейді президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Астананы абаттандыру ісіндегі оң өзгерістерге тоқталып өтті.
«Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады.
Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр.
Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.