Олар қаланың №10 орта мектебінде оқитыны анықталды
Алматы қаласында полиция қызметкерлері мектеп оқушылары тарапынан жасалған терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаланың №10 орта мектебінде оқитын үш жасөспірім бұзақылық ниетпен оқу процесін бұзу мақсатында білім беру мекемесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан.
Тексеру нәтижесінде хабарлама расталмады, қауіптің жалған екені анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімдердің бұл әрекетті саналы түрде жасағаны белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ретінде олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Терроризм актісі немесе «минирлеу» туралы кез келген жалған хабар құқық бұзушылық болып саналады және заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайларда жедел қызметтер жұмылдырылады, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысы бұзылады. Сондықтан ата-аналарды балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Бұл – ешқандай да әзіл емес», – деп атап өтті Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Полиция ата-аналарға мынадай ұсыныстар берді:
Жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар аясында жалғасып жатыр.