СҚО-да екі аудан әкімі тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Уәлиханов және Шал ақын аудандарына жаңа әкім келді

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов атындағы ауданына жаңа әкім тағайындалды. Аталған қызметке бұған дейін Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарған Қайрат Сәкенұлы Пішенбаев лайық деп танылды.

Қайрат Сәкенұлы 1961 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Ворошилов ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын тамамдаған. Еңбек жолын 1979 жылы бұрынғы Возвышен ауданындағы «Молодая гвардия»  кеңшарында моторист болып бастады.1995 жылға дейін квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді. Одан кейінгі он жыл бойы «Азық-түлік корпорациясы» жабық акционерлік қоғамында қызмет етті. Әр жылдары Ақжар, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімі болды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, аудандық мәслихат депутаттарының келiсiмiмен және облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың өкiмiмен, Рахат Назымбекұлы Смағұлов Шал ақын ауданының әкімі болып тағайындалды.

Рахат Назымбекұлы 1982 жылы Ресей Федерациясының Омбы облысындағы Есілкөл ауданына қарасты Қасқат ауылында туған. Омбы мемлекеттік аграрлық университетін агрономия мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы Қасқат ауылдық әкімшілігінде маман болып бастаған. 2005-2015 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдарда, ауыл шаруашылығы саласында әр түрлі қызмет атқарды. 2015-2019 жылдары Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болды. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО