Жұмысшы мамандарға құрмет: «Жастар Рухының» жастары ерекше акция өткізді

Автор: Бақыт Шынар

Аймақ-аймақтағы науқан қыста қиын жұмыс істейтін мамандарға мейірім сыйлады

Фото: Жастар рухы

Жаң жыл қарсаңында мерекемен қатар жұмысшы маман иелерінің қызметі де 2 есе күшейеді. Осындай тығыз жұмыс кестесі арасында «Жастар Рухы» белсенділері аймақ-аймақтағы жұмысшыларды ерекше құттықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жастар Рухы» жастар қанатының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Олардың қатарында күні бойы суық қармен арпалысқан коммуналдық қызметкерлер, жолаушыларды тасыған автобус жүргізушілері, ғимараттарды 24/7 бақылап отырған күзетшілер мен тапсырысты уақытында жеткізуге асыққан курьерлер бар.

Осы аталған маман иелерін Астана қаласында Жастар қанатының белсенділері құттықтап, имидждік сыйлықтар табыстады. Жыл бойына тоқтаусыз еңбек етіп, азаматтар жағдайы үшін барын салған жандарға осылайша алғыс айтты.  

Мереке қарсаңында жұмысшы мамандар жылын осындай ерекше нотада, алғыспен аяқтағымыз келді дейді «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.

«Бұл жылы біз жұмысшы мамандардың еңбегін ерекше бағалап, олардың қоғамдағы маңызды рөлін көрсету үшін кешенді жұмыс істедік. Өңірлерде жұмысшы мамандарға арналған акциялар мен құттықтаулар арқылы олардың өз ісіне деген адалдығы мен шынайы еңбекқорлығын насихаттағымыз келді. Сонымен қатар, мереке қарсаңында азаматтардың қажырлы еңбектеріне шынайы алғысымызды білдіріп, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Әрбір маманның қажырлы еңбегі, күнделікті жұмысы – айрықша маңызға ие»,- деді Ақерке Искандерова.

Осылайша Жастар қанатының бастамасымен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында коммуналдық қызметкерлер мен тазалық қызметкерлері әдемі сыйлық алып, мерекелік көңіл-күйлері жақсарды.  Сондай-ақ, Алматы мен Шымкент қалаларында жастар автобус жүргізушілері, кондитер және сатушыларды құттықтады.

«Рухтастармен бірге жасап жатқан бүгінгі жылулық пен мейірімге толы акциямыз қолымыздан келетін ең кіші көмектердің бірі болуы мүмкін, бірақ ол азаматтарға эмоция сыйлап, көңілін көтеріп, еңбектерінің маңыздылығын көрсетеді. Шараға қатысып, нағыз жұмысшы маман иелеріне алғыс білдірудің бір бөлігі болғаныма қуаныштымын», - дейді акцияға белсене қатысқан қарағандылық белсенді Санжар Ермеков.

«Жастар Рухы» өкілдерінің айтуынша, коммуналдық қызметкерлерге арналған «Кел, шәй ішейік» акциясы да тұрақты негізде 10 жылға жуық уақыттан бері ұйымдастырылып келеді. Атаулы акция жұмысшылар мен волонтерлердің арасындағы сыйластық арттырып, қоғамдағы еңбектің маңызды екенін көрсететін ерекше шара.