Маңғыстау облысында көлік жолының 97 пайызы жақсарды: тағы 16 жаңа жол салынып жатыр

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жалпы ұзындығы 491 шақырымды қамтитын 16 жоба бойынша құрылыс жұмысы жүріп жатыр

Фото: Көлік министрлігі

Маңғыстау облысында автожолдардың 97%-ының жағдайы жақсарды. Оған қоса, 491 шақырым болатын 16 жол салынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, географиялық орналасуына орай облыста көлік қозғалысының барлық түрі (автомобиль жолы, әуе жолы, темір жол, су жолы) қалыптасқан.

«2025-2026 жылдары Маңғыстау облысының аумағында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 491 шақырымды қамтитын 16 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», – деді Н. Қилыбай.

Сонымен бірге, облыстағы қоғамдық көлік маршрутында жаңартылған автобустардың үлесі 90%-ға жетті. 2021-2025 жылдары 333 жаңа автобус сатып алынып, 35 жаңа бағыт ашылған.

2026 жылы тағы 75 автобус алынады, соның нәтижесінде автобус паркі 100%-ға жаңартылады.