Қарағанды мектептерінде әлеуметтік желідегі қауіп-қатерден кейін қауіпсіздік күшейді

Автор: Асыл Арман

Шамамен 20 адам қарулы шабуыл жасауы мүмкін екені айтылды

Фото: КТК/Видеодан скрин

Қарағанды қаласындағы мектептерде әлеуметтік желілерде қарулы шабуыл болуы мүмкін деген қауіп-қатерлердің таралуына байланысты қауіпсіздік шаралары шұғыл түрде күшейтілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy басылымы КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған дейін Telegram мессенджерінде бетперде таққан, қолында қаруы бар белгісіз адамның бейнежазбасы тараған. Онда ол оқушыларға қарсы шабуыл жасауды жоспарлап отырғанын айтып, бұл әрекетті жалғыз емес, шамамен 20 адамнан тұратын топпен бірге орындайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, Қарағанды қаласындағы бірден 14 білім беру ұйымына шабуыл жасау көзделген, ал алғашқы нысан ретінде қаланың шетінде орналасқан №61 мектеп аталған.

Бейнежазба тарағаннан кейін қала мектептерінде күшейтілген режим енгізілді. Оқу орындарының кіреберістерінде қатаң бақылау ұйымдастырылып, мектеп ғимараттарының маңына полиция қызметкерлері қойылды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қауіп төндірген хабарлама басқа мемлекеттің аумағынан жіберілуі мүмкін. Сонымен қатар полиция өкілдері бұл ақпараттың жалған екенін атап өтіп, тұрғындарды дүрбелеңге берілмеуге шақырды.