33 мыңнан өтініш: Еңбек министрлігі әлеуметтік сақтандыру бойынша мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

Жаңа тәсілді енгізудің негізгі мақсаты белгілі болды

Фото: freepik.com

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – МӘСҚ) 2025 жылғы 15 қазанда іске қосылған әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде тағайындау жөніндегі пилоттық жобаның аралық қорытындыларын шығарды. Адами факторды жоюға бағытталған жаңа алгоритм жұмыс істеген екі айда жүйеде 33 743 өтініш қаралды, оның ішінде 17 284 өтініш бойынша автоматты режимде оң шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа тәсілді енгізудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бір жұмыс күніне дейін қысқарту және өтінімдерді қараудың негізгі кезеңдерін оңтайландыру есебінен процестердің ашықтығын арттыру болып саналады.

«Жоба «Электрондық үкімет» (egov.kz) порталы, электрондық еңбек биржасы (enbek.kz), екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және проактивті қызмет арқылы келіп түскен өтініштер негізінде қалыптастырылған электрондық іс макеттерін қамтиды.

Электрондық өтініштер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде кешенді тексеруден өтеді. Жүйе төлем алу құқығының басталуын, әлеуметтік аударымдарды төлеудің уақтылығы мен дұрыстығын, сондай-ақ құжаттардың толық пакетінің болуын автоматты түрде растайды.

Егер өтініш белгіленген критерийлерге сәйкес келсе, шешім автоматты түрде қабылданады, содан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама жіберіледі. Мұндай өтініштер бойынша шешім қабылдауға адамның қатысуы толығымен алынып тасталды. Жүйе қандай да бір сәйкессіздіктерді анықтаған жағдайда электрондық іс макеті МӘСҚ филиалдарының мамандарының қарауына автоматты түрде беріледі», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Айта кету керек, пилоттық жоба тек тағайындау туралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді тағайындаудан бас тарту, мөлшерін қайта есептеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдерді автоматты түрде шығаруды көздейді. Автоматты шешімдердің дұрыстығына мониторингті МӘСҚ мамандары күнделікті жүргізіп отырады.