Сақинаның құны 200 мың теңгеден асатыны анықталды
Өскеменде сауда орталықтарының бірінде әйел адам өзіне ұнаған алтын сақинаны өлшеп болғаннан кейін бижутерияға ауыстырып жіберген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, зергерлік бөлімге ерлі-зайыптыға ұқсас жұп келген. Әйел адам неке сақинасын киіп көріп тұрған сәтте, ер адам белгісіз себеппен дүкеннен шығып кеткен, ал көп ұзамай әйел де сауда орнынан кетіп қалған.
Кейін дүкен қызметкерлері құны 200 мың теңгеден асатын алтын сақинаның орнына бижутерия қалдырып кеткенін анықтаған. Бейнебақылау камераларын қарау барысында сақинаның әдейі ауыстырылғаны расталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті.