Сейсенбі күні Қазақстанда ауа райы қандай болады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Синоптиктердің болжамы белгілі болды

Фото: Azattyq Rýhy

«Қазгидромет» РМК алдағы тәулікке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солтүстік және орталық өңірлер (Астана, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау)

Бұл өңірлерде қар жауып, боран мен тұман болады, жолдарда көктайғақ орнайды. Жел оңтүстік-батыстан соғады, 9-14 м/с, кей жерлерде 15-25 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 7-15° аяз, жекелеген аймақтарда 20° аязға дейін, күндіз 0-10° аяз шамасында. Астанада күндіз аздаған қар жауып, температура -0…-2° болады.

Шығыс өңірлер (ШҚО, Абай облысы)

Шығыста жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, кей жерлерде боран мен тұман байқалады. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, 9-14 м/с, жекелеген аудандарда 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 17-28° аяз, күндіз 5-15° аяз аралығында. Өскемен мен Семейде жауын-шашынсыз, аязды ауа райы сақталады.

Батыс өңірлер (БҚО, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе)

Батыс аймақтарда қар аралас жаңбыр жауып, боран, тұман және көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыстан соғып, 7-14 м/с, кей жерде 20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 0-13° аяз, күндіз 2° аяздан 5° жылуға дейін. Ақтауда күн жылымық, Атырауда жауын-шашын байқалады.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлер (Алматы, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл)

Бұл өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, кей жерлерде тұман мен көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыстан және шығыстан соғып, 5-14 м/с, таулы аймақтарда 20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 2-10° аяз, таулы өңірлерде 17-20° аяз, күндіз 1-6° жылы шамасында. Алматыда жауын-шашынсыз, Шымкент пен Түркістанда күн жылырақ болады.