Қазалыда парақорлардан қайтарылған ақшаға салынған су жүйесі іске қосылды

Автор: Асыл Арман

Енді 76 үй орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді

Фото: freepik.com

Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Шәкен ауылында жемқорлардан қайтарылған ақшаға тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жаңа су желісі ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік нысан прокуратура органдарымен мемлекетке қайтарған қаражат есебінен салынды.

Енді Шәкен ауылындағы 76 үйдің тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.

Бұл нысанның пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, тасымалданатын суға деген қажеттілікті жойды.

«Шәкен ауылындағы су жүйесінің ашылуы мемлекетке қайтарылған активтердің өмірлік маңызы бар әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін тиімді және мақсатты пайдаланылып жатқанын көрсетеді.

Жалпы, Қызылорда облысында 29 жоба жүзеге асырылып жатыр», – делінген прокуратура хабарламасында.