Пәтерлердің 250 млн теңге тұратыны айтылған
Threads әлеуметтік желісінде тұрғын үй кешенінің сыртқы қабаты қирағаны туралы видео жарияланды. Видео Астанадағы «Еуропа сити» тұрғын үй кешенінде түсірілгені айтылған. Жергілікті тұрғынның айтуынша, үйлердің фасад элементтері ара-тұра құлап, қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Еуропа сити» ТК (құрылысшысы – «Орда Инвест») тұрғыны үйдің сырт қабаты құлап кетеді деп шағымданады, олар балаларын серуендеуге шығара алмай қорқып отыр. Астаналықтарды тағы бір өлімге әкеп соғатын оқиғадан қорғап, тәртіп орната алатын қандай орган бар?» – делінген бейнежазба сипаттамасында.
Бұл жазба желіде қызу талқыланды. Жұрт бұл мәселе Астананың ең қымбат тұрғын үй кешендерінің бірінде болғанына наразылық білдіріп отыр.
«Сұмдық-ай, пәтерлерді 250 миллионға сатып жатыр ғой», «Бұл қаланың ең қымбат ТК-лерінің бірі» – деп жазды желі қолданушылары.
Олар Orda Invest құрылыс компаниясы ақауларды тез арада жоюы тиіс деп талап етті.
Жарияланған сәтте құрылыс компаниясы немесе қалалық қызметтер тарапынан ресми пікір келмеген.