Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары: 3,7 млрд доллардан асатын құжаттарға қол қойылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Руслан Желдібайдың айтуынша, визасыз режимдегі елдердің қатары көбейіп келеді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапарының нәтижесінде жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Бұл туралы президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, президенттің барлық шетелдік сапары ел экономикасына айтарлықтай серпін береді. Сапарлар барысында миллиардтаған долларға бағаланған шетелдік инвестиция тарту жөніндегі келісімдерге қол жеткізіліп, тиісті шешімдер қабылданады.

«Сол арқылы тауар айналымы мен экспорт ұлғая түседі. Бұл, әсіресе отандық өндірушілер үшін ерекше маңызды. Сондай-ақ сапарлар аясында стратегиялық мәнге ие нысандар ашылып, он мыңдаған жұмыс орны пайда болады, іскерлік байланыстар нығая түседі.

Визасыз режимдегі елдердің қатары көбейіп, Қазақстан азаматтарына тиімді жаңа әуе рейстері іске қосылады», - деп жазды Руслан Желдібай.