$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.07.2020, 15:08
Жаңалықтар

ПТР-тест пневмония кезінде коронавирусты неге таба алмайды

Маусым айында Қазақстанда 628 адам пневмониядан көз жұмды

ПТР-тест пневмония кезінде коронавирусты неге таба алмайды

Пневмония, яғни өкпе қабынуы бұрыннан бар ауру және медицина бұл дерт созылмалы аурулары бар науқастарда, жас балалар мен қарт кісілерде көп кездесетінін бұрыннан дәлелдеген. Өкпе қабынуын әртүрлі вирустар (биыл коронавирус қосылды - авт) қоздырып, дененің қатты мұздауы, шаршау, психикалық көңіл-күй оны ары қарай дамытады.

Қазақстанда былтыр алты айда пневмониядан 1780 адам, ал, 2020 жылдың алты айында 1772 адам қаза тапқан. Бір қарағанда, коронавирус пандемиясы тіркелмеген уақыт пен пандемия басталған уақытта көз жұмған адамдардың статистикасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тіпті, 2019 жылдың алты айында 2020 жылдың алты айымен салыстырғанда, 8 адамның өлімі артық. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, қорқыныш тудырып отырған факт бар – биыл алты айда пневмониядан көз жұмған қазақстандықтардың 628-і тек маусым айында ғана тіркелген.

«Және биыл пневмония ауруына шалдығу деңгейі 55% өсіп отыр. Маусым айында Қазақстанда 628 адам пнемвониядан көз жұмды. Былтыр алты айда 1780 адам, биыл алты айда 1772 адам өкпенің қабынуынан қаза тапты. Маусымда өлім-жітімнің күрт өсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі зерттеу бастады», - дейді Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Тағы да маңызды бір факт – пневмонияға шалдыққан адамдардың коронавирусқа жүргізген тестілеуі вирус жоқ деп көрсетеді. Есмағамбетова бұл заңды екенін айтып отыр.

«ПТР-тестілеу кезінде пневмониямен ауырған адамдардың нәтижесі соңғы уақытта коронавирус жоқ деп көрсетіп жүр. Бұл заңды, себебі, коронавирус инфекциясы адамның жоғарғы тыныс алу жолдарынан төменгі тыныс алу жолына өтіп кеткен кезде тест вирусты таба алмайды», - деп түсіндірді Есмағамбетова.

Осылайша, ол «Қазақстандағы тест сапасы нашар немесе тест вирусты таба алмайды» деген сынға жауап берді. Сонымен қатар, Есмағамбетова сендіргендей, елімізде мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, кез келген зертхана өзінің зерттеулерін Ұлттық референс-зертханаға жіберуге міндетті. Ал, ол орталықта қате болмайды, дейді бас мемлекеттік санитар дәрігер.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары