Жүргізуші куәлігін жаңарту үшін қайтадан емтихан тапсыру қажет пе: ІІМ түсініктеме берді

Автор: Асыл Арман

Желіде жалған ақпарат тарады

Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

Қазақстанда жүргізуші куәлігін жаңарту үшін қайтадан емтихан тапсыру мәселесіне қатысты ІІМ түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдағы төрт жыл ішінде жарамдылық мерзімі аяқталатын жүргізуші куәліктерін міндетті түрде ауыстыру қажет деген жалған ақпарат тарап жатыр.

«Кімнің жүргізуші куәлігі бар әрі оны 2026-2029 жылдар аралығында ауыстыру керек болса, бүгін-ертең барып, ауыстырып алыңыздар. Жаңа жылдан кейін жүргізуші куәлігін емтихан арқылы болады екен», – делінген What’s APP-та тараған хабарламада.

ҚР ІІМ бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып, шындыққа сәйкес келмейтінін мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру тәртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Аталған куәлік тек олардың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда және қолданыстағы белгіленген тәртіпке сәйкес ауыстырылады. Қосымша талаптар, соның ішінде қайта емтихан тапсыру немесе қандай да бір шектеулер қарастырылмаған.

«Полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуға шақырады. Сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді», – делінген хабарламада.