Астанада есірткіге толы пәтер табылды: онда шетел азаматы тұрып келген

Автор: Асыл Арман

Елордалық полиция шетел азаматын ұстады

Фото: Астана ПД/Видеодан скрин

Астанада 53 жастағы шетел азаматы ірі көлемде есірткі заттарымен ұсталды. Жеке тінту кезінде ер адамның жанынан өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар жасыл түсті зат салынған екі орама табылды. Аталған зат марихуана екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша жүргізілген тінту барысында полицейлер ас үйде, пештің астынан екі мөлдір пакет пен электронды таразыны, қонақ бөлмеде 30 пакеті бар сөмке мен қорапты; балконда рюкзак пен тағы 15 пакет, сондай-ақ үш пластмасса ыдысты тәркіледі.

Көрсетілген орындардың барлығынан өзіне тән иісі бар сұр-жасыл түсті зат табылып, оның гашиш екені белгілі болды.

«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 17 келіден астам гашиш пен 1 келі марихуананы құрады. Барлық табылған зат тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот шешімімен ер адам қамауға алынды.

Полиция есірткі заттарын сақтау, тұтыну және тарату үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Заңсыз айналымға қатысты кез келген ақпаратты «102» нөміріне хабарлауға болады», – делінген қалалық ПД хабарламасында.