Ақтауда полиция қызметкерлері көліктен шыққан өртті сөндіріп, жүргізушісін құтқарып қалды
Оқыс оқиға 14-ші шағын ауданда болды
Ақтауда 18 желтоқсан күні полиция қызметкерлері көліктен шыққан өртті сөндіріп, жүргізушісін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сол күні патрульде болған Ақтауда полиция ротасының командирі Қасымхан Дәулетов пен взвод командирі Ілияс Өмірзақов 14-ші шағын ауданда Nexia автокөлігінде өрт шыққанын байқады.
Полиция қызметкерлері дереу өртті сөндіруге кірісіп, оқиға туралы жедел орталыққа хабарлаған, қиылысты жауып, қосымша экипаж шақырды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін оқиға орнына «Ынтымақ» бекетінің қызметкерлері – аға полиция қызметкері Ерлан Өмірзақұлы, полицей А. Байтілеуов және Ерлан Бегенішев келіп, өртті сөндіруге көмектесті.
Осы уақытта сол маңай тұрған жүргізушілердің бірінің жағдайы кенет нашарлап, есінен танып қалды. Ілияс Өмірзақов пен Қасымхан Дәулетов оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, азаматтың өмірін сақтап қалды.
Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында өрт оқшауланып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, ал тұрғындар қауіпсіз жағдайда болды.