Ақмола облысының прокуратурасы заңсыз еңбекақыны есептеу фактілерін анықтады
Астрахан ауданының прокуратурасы аудандық мәдениет үйінің қызметінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, 2022-2024 жылдарда аудандық мәдениет үйінің басшысы орындалмаған жұмыстар үшін өзге тұлғаларға негізсіз еңбекақы есептеу арқылы 2,6 млн теңге көлеміндегі қаражатты талан-таражға салып, мемлекетке материалдық залал келтірген.
«Соттың үкімімен аудандық мәдениет үйінің бұрынғы басшысы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап етті деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.
Үкім заңды күшіне енді.