Шымкентте мемлекеттің баспанасын босатпай қойған жастар мәжбүрлеп шығарылып жатыр

Автор: Алмас Ерсін

Пәтерін босатқан жұмысшы жастар баспанасыз қалмайды

Фото: istockphoto.com

Шымкентте бес жыл бұрын жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бүгінге дейін алғашқы болып қоныстанғандардың 576 баспанасы коммуналдық қорға өтті. Осылайша уақыт өте келе барлық пәтер қазынаға қайтарылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.  

Шымкентте 5 жыл бұрын 3800-ден астам баспана уақытша жалға берілген еді. Бүгінде бағдарлама мерзімі аяқталып, 576 үй коммуналдық меншікке өткізілген. Алайда кейбірі баспанасын босатпай отыр екен. Қазір оларды мәжбүрлеп шығару жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазіргі таңда босатылған пәтерлерден бөлек, сот органдарында 314 пәтерді босату бойынша талап арыз қаралып жатыр. Олардың 266-сына сот шешімі шықты. Қазір жылу бері маусымы болғандықтан олар келесі жылы шығарылады», - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Түлебаев.

Яғни жастарға уақытша берілген баспаналар түптің түбінде мемлекетке қайтады. Одан кейін бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған, мұқтаж азаматтарға табысталмақ. Ал тозығы жеткен пәтерлер алдымен жөндеуден өткізіледі.

«5 жылдың ішінде пәтерлер әртүрлі жағдайда болады ғой. Қазір зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатымыз. Жөндеуді қажет ететін пәтерлер жөнделіп, таза күйде кезекке тұрған азаматтардың арасында бөлінеді», - дейді Көпжан Түлебаев.

Алайда пәтерін босатқан жұмысшы жастар баспанасыз қалмайды. Мемлекет оларды басқа бағдарламалар арқылы қолдауды жалғастырып отыр. Қазіргі таңда 500-ге жуық жас маман несиеге тұрғын үй алып үлгерген.

«Шымкент қаласында 2023 жылдан бері Қамқор өңірлік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Яғни бұл азаматтардың басым бөлігі, жалдау мерзімі біткендер осы бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама арқылы 484 азамат несиемен қамтылған», - дедйі басқарма басшысы.

Бүгінде «Қамқор» өңірлік бағдарламасы бойынша 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазірге дейін оның 9,5 млрд теңгесі игерілді. Осы кезде бағдарлама арқылы үйлі болуға ниетті тағы 22 азаматтың өтінімі қаралып жатыр.