Маңғыстау облысында 100 мыңнан астам адамның баспаналы болуына әкімдік кедергі келтірген
Бұл іске прокуратура араласқаннан кейін барып мәселе шешілді
Маңғыстауда 100 мыңнан астам тұрғын тұрғын үй жеңілдіктерінен айырылған, прокуратураның араласуымен азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау прокуратурасы нормативтік құқықтық актілердің мониторингі шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарына нұқсан келтіретін бұзушылықтарды анықтады.
Облыстық мәслихаттың 25.10.2019ж. №31/368 шешімімен тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың мөлшері мен санаттарының тізбесі бекітілді.
Бұл жеңілдіктер азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде бастапқы жарна немесе тұрғын үй құнын ішінара төлеу кезінде мемлекеттік қолдау көрсетуге арналған.
«Өткен жылы тұрғын үй жәрдемақысын беруді реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, алушылардың санаттарының саны 2-ден 12-ге дейін кеңейтілгені анықталды.
Облыстық мәслихаттың шешіміне тиісті өзгерістердің енгізілмеуінің нәтижесінде 100 мыңнан астам азамат (оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары) көзделген тұрғын үй жеңілдіктерін пайдалану мүмкіндігінен айырылды.
Прокурордың наразылығымен қала және аудан мәслихаттарының шешімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.