Хромтау қаласының экс-әкімі пара алғанына қарамастан түрмеге отырмайтын болды

Автор: Асыл Арман

Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін кінәлі деп танылды

Фото: instagram.com/sagyndyk_shabikbaev

Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған ірі көлемде айыппұл төлеу туралы жаза берілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, шенеунік мемлекеттік сатып алу аясында атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдап беру жөнінде уәде еткені үшін мердігерден 400 мың теңге алған.

Параны беру кезінде делдал ретінде әкімнің танысы Нұрбек Қазбек әрекет еткен. Ол мердігермен келіссөз жүргізген. Нұрбек Қазбекке пара талап ету дерегі бойынша да айып тағылған, алайда бұл іс бойынша жәбірленуші талап-арызынан бас тартқан.

Екі сотталушы да өз кінәсін толық мойындады. Хромтау аудандық сотының судьясы Ерлан Бақытжан Сағындық Шабықбаев пен Нұрбек Қазбекке әрқайсысына 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.

Сағындық Шабықбаев 2023 жылғы сайлау нәтижесінде Хромтау қаласының әкімі болып тағайындалған. 2025 жылдың қараша айының басында ол сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған болатын.

Шығарылған үкімге байланысты Хромтау қаласында әкімнің жаңа сайлауы тағайындалды. Дауыс беру 11 қаңтарда өтеді. Үміткерлердің тізімі кейінірек жарияланады.