«Мал суаруға кеткен»: Батыс Қазақстанда жоғалған адам қыстаудан табылды

Автор: Алмас Ерсін

Өзімен бірге ұялы телефон болмаған

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында мал суаруға кетіп, жоғалып кеткен ер адам 30 км жердегі қыстаудан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше бүгін таңертең облыстық ТЖД-ның 112 пультіне полициядан Жаңақала ауданында 1971 жылы туған ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша ол 15 желтоқсанда мал суару үшін елді мекеннен шамамен 5 км қашықтықта орналасқан құдыққа қарай шығып, қайта оралмаған. Өзімен бірге ұялы телефон болмаған.

«Іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ер адам бастапқы іздеу аймағынан 30 км қашықтықта, Ақжайық ауданына қарасты «Бахас» қыстауынан табылды», - деп жазылған хабарламада.

Жағдайы қанағаттанарлық. Оған медициналық көмек қажет болмады.

Айта кетері, іздеу жұмыстарына БҚО ТЖД күштері, ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің 2-құтқару батальоны, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Сонымен қатар әуеден барлау жүргізу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жедел түрде жұмылдырылды.