Жас жыршылар «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан сынға түсті
Қарағанды облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізілген «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» халықтық өнер байқауы өңір халқының біртұтастығын көрсетті. Жыршылық сәл көмескі тартқанмен ел арасынан еш үзілген жоқ. Міне, сол жыршылық жанрды қайта жандандырып, жас жеткіншектеріміз әуелете биікке көтерді. Ұлттық кодты көзінің қарашығындай сақтап, көнеден жаңаға, бабадан балаға жалғап, мирас ете білген қазақ өнеріне өз үлесін қосқан Бөгенбай батыр жырын жатқа оқудан «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауынан үшінші орынды Жанерке Өмірғалиева алды. Үшінші орын иегеріне 250 мың теңге мен жеңімпаз дипломы табысталды.
Жас жыршыны жыр додасына дайындаған, ұстаз да құрметтен құр қалған жоқ. Жұлдыз Шопанова да 250 мың теңгемен жеңімпаз дипломына ие болды.
Облыстық байқаудан екінші орынды Инабат Сәрсенбекқызы алды. 500 мың теңге мен жеңімпаз дипломы табысталды. Ұстазы Арайлым Теңелді 500 мың теңге мен жеңімпаз дипломына ие болды.
«Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып, танылған саңлақ, бірінші орынды қанжығасына байлаған Райана Әмірханова. Жеңімпазға 1 млн теңге мен дипломды Қарағанды облысы әкімінің орынбасарв Әлібек Әлденей табыстаса, жоғары оқу орнының грантын Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов ұсынды. Жас жыршының алғырлығы мен жігерлілігін байқап, осы дүбірлі додаға дайындаған Толғанай Ерменбетова. Ұстазға 1 млн теңге және Ұлағатты істің қайнары, білімдінің айбары болған жеңімпаз ұстазға автокөліктің кілті табысталды.
Арнайы жүлде 300 мың тг Нұрсая Мырзағали ие болды.