Астанада салынып жатқан үйдің жетінші қабатынан құлаған жұмысшы мерт болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік талабы сақталмаған 

Фото: freepik.com

Астанада салынып жатқан үйдің сыртын жөндеп жатқан 41 жастағы жұмысшы биіктен құлап кетіп, қаза тапты. Осыған байланысты, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына  қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының полиция департаменті оқиға 14 желтоқсан күні болғанын растады.

«Құрылыс нысандарының бірінде қасбетті жөндеп жүрген жұмысшының тросы үзіліп кеткен. Оқиға кезінде 41 жастағы ер адам құлап, алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды», - деп хабарлайды қалалық ПД. 

Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр.