Ол жыл соңына дейін үшінші арманын да жүзеге асырғысы келетінін айтты
Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жеке бокс залын ашу үшін Олимпиададан кейін сыйға алған көлігін сататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Боксшы 2025 жылға маңызды үш мақсат қойғанын атап өтті:
«Осы мақсаттардың екеуі орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы болдым, оған қоса осы жылы екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Осылайша әлем чемпионатында толық комплект болды. Отбасыма үлкен үй алдым, бәрі мәз», - деп жазды Назым Қызайбай.
Ол жыл соңына дейін үшінші арманын да жүзеге асырғысы келетінін айтты.
«Қазір шағын ғимаратты қарастырып қойдым, ұнап та тұр. Соған байланысты бір хабарландыру жасағым келеді. Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы», - деп түйіндеді боксшы.