Жамбыл облысында жел электр станциясы салынып жатыр
ЖЭС Қаратау жотасын бойлай салынып жатыр
Жамбыл облысындағы Талас ауданында алғаш рет жел электр станциясы салынып жатыр. Жаңа жоба шалғай аудандарды электр қуатымен қамтуға сеп болмақ, деп хабарлайды «Хабар24».
Қазір 6 турбина орнатылып, құны 3 млрд 200 млн теңгенің инвест жобасы аяқталды. Сөйтіп осы шілде айының соңына дейін бірінші кезеңі іске қосылмақ. Ал екінші кезеңдегі нысандарда қазір құрылыс қарқын алды.
Жел электр станциясы Қаратау жотасын бойлай салынып жатыр. Толықтай инвестициялық жоба. Жүзеге асқан уақытта жылына 22 мегаваттан астам электр қуатын өндіреді. Бұл бүтін бір ауданды табиғи көздерден өндірілген энергиямен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді.
«Қазір іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Шілденің соңына дейін қосамыз. Ол үшін 7 станцияны орнатып қойдық. Қазір жұмыстың 70 проценті бітіп тұр», - деді аға механик Василий Кравченко.
Бастапқыда бұл жел электр станциясын цианид шығаратын зауыттың жанына салу жоспарланған. Алайда геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, шешім өзгертілді. Мамандар желдің бағыты мен соғу уақытын зерттеп, тиімді тұсты тапқан.
Талас ауданында жасыл экономиканы дамыту бағытында жалпы құны 9,2 миллиард теңгенің 5 инвест жобасы жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның екеуі аяқталды. Енді екінші кезеңде жылдық қуаты 13,5 мегаватт болатын 9 қондырғы тұрғызылмақ. Қазір шұңқырлары қазылып, биік бағандарды орнататын орын дайындалып жатыр.
Жасыл энергетика саласы үшін Жамбыл өңірі өте қолайлы аймақ. Оны зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр. Облыста баламалы энергия көздерінен қуат өндіретін 12 нысан жұмыс істеп тұр. Оның 5-і су, 3-еуі жел және 4 күн электр станциясы. Бұл жобалармен жылына 268,7 мегватт электр энергиясы өндіріледі. Ал 2020-2021 жылдары қосымша 4 инвест жобаны іске қосу жоспарда.