436 автокөлік айып тұрағына қойылды
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері он күндік рейд барысында 2028 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, ең көп кездескен бұзушылық – маневр жасау ережесін бұзу, бұл бойынша 400 әкімшілік хаттама жасалды. Ал өздеріне және жолдағы басқа қатысушыларға қауіп төндірген 266 жүргізуші телефон қолданғаны үшін жауапқа тартылды. 95 жүргізуші тыйым салынған бағдаршам белгісінен өткені үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Сондай-ақ, жолда нақты қауіп төндіретін жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылды. Рейд кезінде мас күйінде көлік басқарған 70 жүргізуші ұсталды. Қарсы жолаққа шыққаны үшін 20 бұзушы жауапқа тартылды.
«Полиция көлік жүргізуге құқығы жоқ 113 жүргізушіні анықтады. Өзге де қауіптің алдын алу мақсатында құқық бұзушылардың 436 автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті жүргізушілерге жол ережелерін сақтау маңызды екенін ескертеді. Себебі жолдағы қауіпсіздік — әр адамның жауапкершілігінен басталады», – делінген ПД хабарламасында.