Бұл норма 1957 жылғы 29 қаңтардағы «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияға негізделген
Абай облысында Қазақстан азаматымен азаматтық некеде тұрған тоғыз шетелдік әйел жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл норма 1957 жылғы 29 қаңтардағы «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияға негізделген. Конвенция Қазақстанда 2000 жылғы 5 қаңтардағы заңмен ратификацияланған.
Конвенция талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында заңды әрі тұрақты тұратын, Қазақстан азаматына кемінде үш жыл бұрын ресми түрде тұрмысқа шыққан шетелдік әйел жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу туралы өтініш беруге құқылы.
«Өтініш облыстың Полиция департаменті басшысының атына және азаматтық мәселелері бойынша шешім қабылдауға уәкілетті келген елдің лауазымды тұлғасына жолданады. Міндетті талаптардың бірі – бұрынғы азаматтығынан нотариалды куәландырылған түрде бас тарту туралы құжат ұсыну.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысында осы тәртіппен 9 шетелдік әйел Қазақстан азаматтығына қабылданды. Олар Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина елдерінен келген», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Абай облысының Полиция департаменті көші-қон және азаматтық мәселелеріне қатысты барлық рәсімдердің ашықтығын және талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып келеді.