140 млн теңге жымқырған: қостанайлық кәсіпкер 10 жылға сотталуы мүмкін
Қостанайда ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты аса ірі алаяқтық фактісі ашылды
Қостанай облысының прокуратурасы 140 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру фактісі бойынша айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және жеткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпорын басшысы өзіне алған міндеттемелерін орындауды көздемей, 2021 жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және басқа да облыстардың кәсіпорындарымен астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу шарттарын жасағаны анықталды.
«Айыпталушы өз ЖШС деректемелерін пайдаланып және жәбірленушілерді жеткізу мүмкіндігіне қатысты жаңылыстыра отырып, олардан 140 млн теңгеден астам алдын ала төлем алды, нақты жөнелтілімдерді жүзеге асырмады, логистика туралы жалған мәліметтер берді, нақты тауарлық қамтамасыз ету болмаған кезде өз қалауы бойынша ақшаны басқарды, қасақана ұрлық жасады, 11 жәбірленушіге зиян келтірген, нәтижесінде олар үшін елеулі қаржылық зардаптарға әкеп соққан.
Айыпталушының әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-б. 4-б. 2) т. бойынша сараланған – бірнеше рет және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық.
Қылмыстардың бұл санаты ауыр санатқа жатады және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.
Қостанай облысының прокуратурасы жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, бұзылған мүліктік мүдделерді қалпына келтіру және экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырады.