$ 518.39  603.09  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Балабақшадағы тамақ бағасы мен сапасы: депутат министрліктен нақты шаралар қабылдауды сұрады

2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2024 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 11%-ға өскен

Балабақшадағы тамақ бағасы мен сапасы: депутат министрліктен нақты шаралар қабылдауды сұрады
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ ұлттық экономика министрі – премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтандыру мәселесіне қатысты ресми депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат атап өткендей, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» бағдарламасында балабақша, мектеп пен колледждерде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін арттыру қарастырылған. Алайда мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтандыру сапасы мен балалардың денсаулығына тікелей әсер ететін азық-түлік бағасының өсуі соңғы бір жыл ішінде ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Инфляцияның жеделдеуі ата-аналардың, білім беру ұйымдарының да бюджетіне үлкен салмақ түсіріп, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысының тұрақтылығына қауіп төндіруде.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2024 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 11%-ға өскен. Жеке тауарлар бойынша өсім тіпті күрт байқалады: өсімдік майы – 15,9%; ет өнімдері (әсіресе сиыр еті) – 30,2%; сүт өнімдері – 9,2%; нан мен жарма – 5,2%. Сонымен бірге, азық-түлік қорын қалыптастыруға тікелей әсер ететін жанармай бағасының 14,3%-ға өсуі логистикалық шығындарды арттырып, жеткізушілердің бағаны ұстап тұру мүмкіндігін шектеп отыр», – дейді депутат.

Үнзила Шапақ атап өткендей, Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №107-3991 қаулысына сәйкес бір айға ата-ана төлемақысының мөлшері 20 800 теңге, ал мемлекет тарапынан әр балаға айына 56 327 теңге қарастырылған. Депутат есептегендей, орта есеппен 295 балаға бөлінген қаржыландыру 16 616 465 теңгені құрайды. Алайда нақты шығындардың 14 842 995 теңгесі қызметкерлердің жалақысына, 3 678 766 теңгесі салықтық төлемдерге кетеді, ал қалған ақша коммуналдық төлемдерге және материалдық-техникалық қамтамаға жұмсалады.

«Ата-аналардың ай сайын балаға төлейтін 20 800 теңгесін бір айдағы 21 жұмыс күніне шаққанда 990 теңгеден шығады. Бұл балаларды күніне төрт мезгіл тамақтандыруға жеткілісіз. Қазіргі таңда азық-түлік жеткізушілері 2026 жылға келісімшарттарды бұрынғы бағамен ұзартудан бас тартып, шикізаттың өзіндік құны, тасымал шығындары, салықтар мен персоналды ұстау шығыстарының өсуін алға тартып отыр. Осы мәселенің салдарынан 2026 жылғы қаңтарда мектепке дейінгі ұйымдар азық-түлік жеткізушілерінсіз қалуы мүмкін, ал балаларды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығында бекітілген тамақтандыру стандарттарына сәйкес тамақтандыру мүмкін болмайды», – дейді депутат.

Үнзила Шапақ бұл жағдайдың балалардың тамақтандыру сапасына, мектепке дейінгі ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеуіне, ата-аналардың әлеуметтік шиеленіс деңгейінің өсуіне және балалардың денсаулық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

Осыған байланысты депутат министрліктен нақты шаралар қабылдауды сұрап отыр:

  1. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар тамақтандыруының құнын қайта қарау, нарықтық бағаға сәйкестендіру және ата-аналардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыру.
  2. Азық-түлік жеткізушілерімен келісімшарттарды тұрақтандыруға бағытталған жүйелі механизмдерді әзірлеу, оның ішінде ұзақмерзімді келісімшарттар практикасын енгізу.
  3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша Үкіметтің қосымша қаржылық және реттеуші шараларын қабылдау.
  4. Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған тамақтандыру нормасын сақтауға бағытталған шығындарды субсидиялау немесе өтемақы тетіктерін енгізу.
  5. 2026 жылға арналған азық-түлік инфляциясы бойынша болжамдарды ескере отырып, тиісті министрліктер мен органдардың үйлестірілген шараларын қамтамасыз ету.

Депутат мәтінінде балабақша мен мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтандыру сапасын қамтамасыз ету, ата-аналар мен балалардың әлеуметтік және денсаулық қауіпсіздігін қорғау мақсатында бұл мәселеге жедел және жүйелі түрде көңіл бөлінуі қажет екенін ерекше атап өтті.

Серіктес жаңалықтары